Басты бет/ Қазақ өнерінің белгілері мен нышандары / Түс семиотикалық код ретінде /Қара
Артқа

Қара

 
 

Қара түс ақ түске қарама-қарсы. Ол нышандық тұрғыда ең бай түстердің үштігіне кіреді. Бірақ әлемдік мәдениетте оның әртүрлі мағыналары бар. Ежелгі үнді мифологиясындағы бұл түс «тамас» түсінігіне сәйкес келеді, яғни тарылу және қысымшылық жағдайы; буддизмде надандықтың қараңғылығы, ал конфуцийшілдікте даналық пен білім қара түспен байланысты.
 

Түркі мәдениетіндегі қара түстің семантикалық және нышандық мазмұны әртүрлі, кейде полярлық мағыналардың көптеген реңктерінің көрінісімен сипатталады. Түркі мәдениетіндегі «қара» сөзінің жиырмадан астам астарлы мағынасы бар. Бір жағынан, бұл аза тұтудың, азап шегудің, зұлымдықтың нышаны және жамандықты, жағымсыздықты асыра сілтеу ретінде қолданылған. Мысалы, қара бас – жалғыздық; қарабет, жүзіқара – ұятсыз, абыройсыз; қара көңіл – қайғы және т. б. Жалпы, ол жер асты әлемінің – Ерлік патшалығының түстік көрсеткіші. Қазақтарда текті адам қайтыс болған күні қара ту, яғни аза туын тігіп, жылдық асы өткен соң  алынып тасталатын дәстүр бар.
 

Екінші жағынан, қара «көне», «күшті», «мықты», «үлкен», «басты» және т. б. мағыналарды білдірген. Мысалы, «қара шаңырақ» (қасиетті немесе ата-ана үйі), «қара қазан» (киелі ошақ), «қара жер» (қасиетті жер) және т. б. Сонымен қатар, суға қатысты қара түс «терең» ұғымын білдіруі мүмкін (мысалы, «қара су»). Осы тұрғыдан алғанда, «қара өлең» музыкалық жанры «өміршең, көнеден келе жатқан, ескірмейтін» деген тіркеске сәйкес келеді.
 

«Қара» сөзі солтүстік жақпен, өлілер мекенімен байланыстырылады, сонымен қатар ежелгі, күшті, қайсар т. б. мағыналарында қолданылады.
 

Қара семантикасын қарастыра отырып, халық өнерінің шығармашылық өнімі – сырмақта (киізден жасалған кілем) айқын көрінетін ақ пен қараның (немесе қара мен ақтың) көркемдік қарама-қарсылықтың таза культтік мәнін айтпай кетуге болмайды. Кілем жазықтығындағы бұл қарама-қарсы екі түсті шешім өмірдің эволюциясын, күн мен түннің ауысуын, қазақтың өзіндік «инь-ян» – ер мен әйелдің бірлесуін бейнеледі.
 

Қазақ мәдениетіндегі ақ пен қараның нышандық одағы белгілі бір заттардың, құбылыстардың, т. б. екі жақтылықтың түсті-семиотикалық көрінісі ретінде пайдаланылуы мүмкін. Ақ пен қараның бірігуі қазақтың киіз сырмақтарында көркемдік өрнекке ие болды, мұндағы қараңғы фонда ақ өрнектердің баламалылығы дүниенің екі жақтылығы, өмірдегі жақсы мен жаманның теңдігі, т. б.
 

Сонымен қатар, «көздің ағы мен қарасындай көру, қорғау» деген белгілі тіркес «көздің қарашығындай қадірлеу» деген мағынада қолданылады, ал «көздің ағы мен қарасындай» деген «аса қымбат, баға жетпес, қайталанбас» мағынасында деп түсіндіріледі.
 

Жалпы алғанда, бұл түстердің қарама-қайшылығы дәстүрлі түрде қарама-қарсы тұлғалардың екілік қарсылығын, яғни  жарық пен қараңғылықтың, жақсылық пен жамандықтың, қайғы мен қуаныштың және т. б. ашады:

Шайгозова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.
Скачать
.